Жарияланған күні: 17.08.2023 11:26
Өзгертілген күні: 17.08.2023 11:28

Табыстарды жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну үшін бір айдан аз уақыт қалды

15 қыркүйекте табыстарды жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде ұсыну мерзімі аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларацияға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері (мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне мемлекеттік және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлері (мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың қызметкерлері, яғни бюджеттен жалақы алатын барлық қызметкерлер) және олардың жұбайлары кірді; сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ЖШС, АҚ, оның ішінде ұлттық холдингтер, сондай-ақ олардың еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалары жатады).

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті» (kgd.gov.kz), «Электрондық үкімет» порталы, Е-Salyq Аzamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.

Декларацияны уақтылы ұсынбағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 272-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.