Жарияланған күні: 16.05.2018 12:52
Өзгертілген күні: 03.09.2018 10:31
Салық төлеушінің (салық агентінің) іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың өзге нысаны салықтық зерттеп-қарау болып табылады (70 бап) 
 
     Салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша жұмыс уақытында жүргізіледі.
      Салықтық зерттеп-қарауды жүргізуге қатысу үшін салық кодексінің  71 бабында айқындалған тәртіппен куәгерлер тартылады.
        Салықтық зерттеп-қарауды жүргізу үшін:
1) салық төлеушіге (салық агентіне) ішінара салықтық тексеру жүргізу туралы хабарламаны, нұсқаманы, камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны, салықтық тексерудің алдын ала актісін, салықтық тексеру актісін, мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді және (немесе) билік етуі шектелген мүлік тізімдемесінің актісін табыс етудің мүмкін болмауы;
2) салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жерінде болмауы себебіне орай салық органы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберген, Салық Кодексінің 114-бабы 2-тармағының 2), 3) және 7) тармақшаларында көзделген хабарламаны пошта немесе өзге байланыс ұйымының қайтаруы негіз болып табылады.
       Бұл ретте салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты осы тармақшада көзделген негіз бойынша салықтық зерттеп-қарау осындай хатты пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған күннен кейін жүргізіледі.
          Осы тармақшаның ережелері салық кодексінің 115-бабының                                       3-тармағында көзделген жағдайда қолданылмайды;
3) Салық кодексінің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерінде іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттігі негіз болып табылады.
      Салықтық зерттеп-қарау жүргізу үшін осы тармақшада көзделген негіз салық кодексінің 213 және 214-баптарында айқындалған тәртіппен салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған салық төлеушілерге, сондай-ақ банкроттық рәсімі қолданылған салық төлеушілерге қатысты қолданылмайды;
4) Салық кодексінің 114-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көзделген хабарламаны орындамаған салық төлеушінің, сондай-ақ салық кодексінің 91-бабына сәйкес әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушінің іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттігі негіз болып табылады.
 
        Салықтық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша салықтық               зерттеп-қарау актісі жасалады.
        Салық органы салық төлеушiнiң тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерiнде оның жоқ екені анықталған салықтық зерттеп-қарау актісін жасаған күннен кейiнгi күннен кешiктiрмей, осындай салық төлеушiнiң сәйкестендiру нөмiрiн атауын немесе тегiн, атын, әкесiнiң атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), салықтық зерттеп-қарау актiсiн жүргiзу күнiн көрсете отырып, ол туралы ақпаратты уәкiлеттi органның интернет-ресурсына орналастырады.
     Салықтық зерттеп-қарау нәтижесінде салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жерінде іс жүзінде жоқ екені анықталған жағдайда, салық органы мұндай салық төлеушіге салық төлеушінің орналасқан жерін (жоқ екенін) растау туралы хабарлама жібереді.
        Салық органы хабарламаны жіберген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде салық төлеуші салық органына өзі келу тәртібімен салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, салықтық зерттеп-қарау кезінде болмау себептері туралы жазбаша түсінік ұсынуға міндетті.
        Мынадай құжаттардың бірі:  
жылжымайтын мүлікке меншік (оны пайдалану) құқығын растайтын құжат;
орналасқан жері ретінде мәлімделген жылжымайтын мүлік меншік құқығында болатын жеке тұлғаның жазбаша келісімі салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
Салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттың көшірмесін нотариат куәландыратын және оны салық органына ұсынатын күндер арасындағы мерзім он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Салық төлеуші осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талапты орындамаған жағдайда, салық органы мынадай әрекеттердің бірін жүзеге асырады:
1) салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады;
2) жазбаша түсінік ұсыну үшін осы тармақта белгіленген мерзімнің соңғы күніне мұндай салық төлеушіде ашылған банктік шоттар болмаған жағдайда қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруды жүргізеді.
        Салық төлеуші өзінің банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық органына өзі келу тәртібімен салықтық зерттеп-қарау кезінде орналасқан жерінде болмау себептері туралы жазбаша түсінік ұсынуға міндетті.Салық төлеуші осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талапты орындамаған жағдайда, салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруды жүргізеді.
 
Бахытжамал Сулейменова
Түсіндіру жұмыс басқармасының бас маманы
Қарағанды облысы бойынша МКД