Жарияланған күні: 12.09.2018 12:01
Өзгертілген күні: 12.09.2018 12:02
Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер туралы
 
2018 жылдың қаңтар айынан бастап, Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі енгізілген, оның ішінде, бірқатар өзгерістер ағымдағы жылы күшіне енсе, бірқатар бөліктері 2019 және 2020 жылдары енеді.
Дара кәсіпкерлердің табыстарына салық салу бойынша елеулі өзгерістер орын алған, атап айтқанда:
- егер бұрын оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге табысы ең төмен жалақының 1400, ал, заңды тұлғаларға 2800 еселенген мөлшерінен аспау қажет болса, осы жылдан бастап дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға табыс шегі 2044 ЕТЖ құрайды;
- арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге жалдамалы қызметкерлері үшін салықтарды төлеу мерзімі ай сайынға өзгерді. Бұрын, оңайлатылған режимде кәсіпкерлер салықтарды жарты жылда бір рет төлейтін;
- патент негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша да өзгерістер орын алды. Сауда саласын қоспағанда, мөлшерлеме (ставка) 1 пайызға дейін төмендеді. Сауда саласында қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар бойынша – 1 пайыз, ал, қолма-қол ақшамен есеп айырысулар бойынша - 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолданылады. Ол үшін, патент негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер салықтық тізілімді жүргізіп, қолма-қол ақшасыз / қолма-қол ақшамен есеп айырысулар бойынша кірістерді бөлек есепке алуды жүзеге асырады. Сонымен қатар, «патентті қолданушылар» әлеуметтік салықтан босатылды. 2020 жылға дейін – панет негізінде бақылау-касса машинасын (БКМ) қолданусыз жұмыс жүргізуге болады, әрі қарай БКМ қолдану міндетті;
- жаңа «тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі» енгізілді. Бұл режимді қолдану барысында, кәсіпкер табысының 30 пайызынан аспайтын мөлшерде шегерімді дәлелдейтін құжаттарсыз қолдануға және де, тауар сатып алуға, іссапар кезіндегі, жалақы шығындарын да шегеруге құқылы. Шегерімдердің жиынтығы жалпы табыстың 70 пайызынан аспауы қажет, бұл ретте, дара кәсіпкерлерге жеке табыс салығы – 10 пайыз, заңды тұлғаларға корпоративтік табыс салығы – 20 пайыз.
•  2018 жылдан бастап, кәсіпкерлер салық органында тек қана деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ есепке қоя алады. Бұл тәртіп жаңа ашылған фирмаларға, және де, кәсіпкерлік қызметін жүргізу орнын ауыстырған тұлғаларға қатысты. 2015 жылдан бастап қызметтің белгілі түрлерін жариялау жолымен онлайн функциясы бар БКМ-ға кезеңмен ауысу басталған;
- әлеуметтік жарналарды төлеу тәртібі өзгертілді. 2020 жылға дейін дара кәсіпкер өз пайдасына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарнасын төлеуден босатылды, ал, жалдамалы қызметкерлері үшін жалақы мөлшерінен 1,5 пайызында МӘМС аударымын төлейді. Әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 5 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендеді. Әлеуметтік салық мөлшерлемесі төмендетілді. Жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін заңды тұлғалар үшін 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендеді;
- Интернет арқылы тауарлармен электрондық саудамен айналысатын салық төлеушілерге Салық кодексімен келесі салықтық жеңілдіктер қарастырылды – бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде корпоративтік және жеке табыс салығынан босату, яғни, тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса, тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе, тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік және (немесе) пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен шарттар болса. Сонымен қатар, тауарлармен электрондық саудамен айналысудан алынған табыстары жылдық жиынтық табыстың 90 пайызынан кем болмауы тиіс. Мұндай шарттар орындалмаса, салық төлеуші аталған салықтық жеңілдікті қолдануға құқылы емес.
 
Балқаш қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқарамасы