Жарияланған күні: 25.08.2018 11:14
Өзгертілген күні: 25.08.2018 11:22
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қою
 
Мыналарды:
1) мемлекеттік мекемелерді; 
2) резидент-заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерін;
3 тармақша 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін әрекет ететініне назарларыңызды аударамыз
3) ойын бизнесі салығы салынуға жататын қызметі бойынша салық кодексінің 534-бабында аталған тұлғаларды;  
4) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін осындай арнаулы салық режимі қолданылатын қызметі бойынша қолданатын салық төлеушілерді қоспағанда, резидент-заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер, дара кәсіпкерлер ҚР Кодексінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер»(әрі қарай салық кодексі) 82 бабында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қоюға жатады.
Егер қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою мақсаттары үшiн айналымның мөлшері күнтізбелік жыл ішінде ең төмен айналымнан асып кеткен жағдайда, салық кодексінің 82 бабының 1-тармағында аталған, қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қоюға жататын тұлғалар орналасқан жеріндегі салық органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті беруге міндетті.
Салықтық өтініш айналым мөлшерінің ең төмен айналымнан асып кетуі туындаған ай аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей мына тәсілдердің бірімен: 
1) өзі келу тәртібімен қағаз жеткізгіште; 
2) электрондық нысанда беріледі. 
Айналым мөлшерін:
1) жаңадан құрылған резидент-заңды тұлғалар, бейрезидент Қазақстан Республикасында қызметін солар арқылы жүзеге асыратын филиалдар, өкілдіктер – әділет органдарында мемлекеттік (есептік) тіркелген күннен бастап;
2) салық органдарында дара кәсіпкерлер ретінде жаңадан тіркеу есебіне тұрған жеке тұлғалар – салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап;
3) ағымдағы күнтiзбелiк жылда салық органының шешiмi негiзiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығарылған салық төлеушiлер – салық органының шешiмi негiзiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығарылған күннен кейiнгi күннен бастап;
4) өзге де салық төлеушілер – ағымдағы күнтізбелік жылдың                       1 қаңтарынан бастап, өсу қорытындысы бойынша айқындайды.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін айналым мөлшері салық кодексінің 369-бабы 1-тармағының 1-                                   3 тармақшаларында көрсетілген айналымдардың сомасы ретінде айқындалады.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін бюджетпен есеп айырысуларды шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимінде жүзеге асыратын салық төлеуші айналымды айқындау кезінде осы арнаулы салық режиміне жататын қызметті жүзеге асырудан түсетін өткізу бойынша айналымды есепке алмайды.  
Ең төмен айналым республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) (2018 жылы АЕК 2405 теңгені құрады) 30 000 мың еселенген мөлшерін құрайды.
Егер құрылтайшы сенімгерлік басқару шарты бойынша не пайда алушы сенімгерлік басқару туындаған өзге де жағдайларда қосылған құн салығын төлеуші болып табылса, сенімгерлік басқарушы орналасқан жеріндегі салық органына сенімгерлік басқару шартын жасасқан күннен не сенімгерлік басқарудың туындауына негіз болып табылатын өзге де құжат күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өзі келу тәртібімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтінішті беруге міндетті. Өзге жағдайларда мұндай құрылтайшыны немесе пайда алушыны, сондай-ақ сенімгерлік басқарушыны міндетті түрде есепке қою салық кодексінің 82 бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтінішті Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасының, Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің бірінші басшысы, дара кәсіпкер орналасқан жеріндегі салық органына береді.
Тұлғалар қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiш берген күннен бастап қосылған құн салығын төлеушiлерге айналады.
Салық органы салықтық өтiнiш берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.
Құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiшті ұсынбаған, салық кодексінің 82 бабының 1-тармағында көрсетілген, тұлға анықталған кезде салық органы мұндай салық төлеушіні анықтаған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оған салық кодексінің 115-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді. 
Салық төлеушi салық органының хабарламасы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiшті ұсынбаған жағдайда, салық кодексінің 115-бабының 5-тармағында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін салық органы салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарады.
 
 
Жойкимбекова Зауреш Канатовна
Салық заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыс бөлімінің басшысы