Жарияланған күні: 05.04.2016 16:38
Өзгертілген күні: 05.04.2016 16:40

Борышкердің төлем қабілетсіздігі сұрақтарындағы құқықтары мен міндеттері

 

Бүгінгі күні банкроттық мәселесі аса өзекті болып отыр және Қазақстан Республикасының экономикасы шаруашылық жүргізудің нарықтық жүйесін құру бағытында болғанша бұл жағдай өзгермейтіні анық. Күннен күнге қиындап келе жатқан бәсекелестік жағдайында банкроттық кәсіпкерлік ортадағы «табиғи іріктеу» болып табылады.

Банкроттық іс жүргізу – бұл заңды тұлғалардың дәрменсіздігімен (банкроттығымен) байланысты қатынастарды реттейтін және олардың алдын алатын құқықтық нормалардың жиынтығы түріндегі кешенді құқықтық институт.

Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында өзіне сот шешімімен банкроттық рәсімі қолданылған борышкердің құқықтық жағдайы анықталған.

Аталған Заңның 11-бабында борышкердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған:

 

1.     Борышкер құқылы:

1)осы Заңда көзделген жағдайларда оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;

2) оңалту жоспары бекітілген кезден бастап мүлкі мен істерін басқару құқығын сақтау туралы сотта өтініш білдіруге;
2-1) осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттарда банкроттық рәсім барысында бітімгершілік келісім жасасуға;
3) сотта кредиторлық берешек сомаларына дауласуға, сондай-ақ осы мақсаттар үшін аудитор ұйымдарды тартуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды пайдалануға.

Борышкер міндетті:

1)    оның мүлкінің меншік иесі, ол уәкілеттік берген орган, заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттармен осыған уәкілеттік берілген органы оны тарату туралы шешім қабылдаған, ал мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;

2)    егер бір кредитордың немесе бірнеше кредитордың талаптарын қанағаттандыру оның басқа кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін толық көлемде орындаудың мүмкін болмауына әкелсе, өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;

3)    борышкерге қатысты төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайды қоспағанда, борышкер төлем қабілетсіздігінің басталғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
4) әкімшіні тағайындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа және әкімшіге қаржылық-шаруашылық қызмет туралы ақпаратты, оның ішінде борышкерде бар мүлік, оның ішінде кепіл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдауда (жалға алуда) және (немесе) лизингте тұрған мүлік туралы, банктік шоттарда жатқан ақша туралы, шоттардың нөмірлері және банктердің орналасқан жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді ұсынуға;

5)    оңалтуды басқарушыға ол тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, мөрлерді, мөртабандарды, он бес жұмыс күні ішінде – есепке алу құжаттамасын, екі ай ішінде – материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;

6)    уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап қарау арқылы зерделеу үшін есепке алу құжаттамасына оның қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

7)    бухгалтерлік құжаттаманың, бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік жүйелерінің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етуге;

8)    оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында қарау күнінен кейінгі күннен кешіктірмей, оны танысу үшін уақытша әкімшіге ұсынуға;

9)    құпия болып табылатын мәліметтерді қоспағанда, оңалту рәсімін жүргізу кезінде борышкердің кез келген кредиторына оның жазбаша сұрау салуы негізінде сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өз қызметінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынуға;

10)                       сұрау салу негізінде сотқа, оңалтуды, уақытша немесе банкроттықты басқарушыға және кредиторлар комитетіне өзінің қаржылық жағдайы мен шаруашылық қызметі туралы ақпаратты, түсіндірмені ұсынуға;

11)           әр айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, оңалту рәсімін жүргізу кезеңіндегі қаржылық жағдай, алдыңғы айдағы кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргізілген мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитетінің назарына жеткізуге;

12)                       егер осындай іс-әрекеттер оңалту жоспарында көзделмесе, оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде заңды тұлғаның мүлкін пайдаланбауға немесе оны кредиторлар жиналысының шешімінсіз пайдалануға жол бермеуге;
13) оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді уақытша әкімшімен келісуге;

14) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

 

Осында Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының басты мақсаты - кәсіпкерді экономикалық буын ретінде сақтап қалу үшін оның төлем қабілетін қалпына келтіру екенін атап өту керек. Ұйымды құру үшін елеулі материалдық, уақыттық, интеллектуалдық ресурстар жұмсалады. Жұмыс жасап тұрған ұйымның құны оны бөліп сату құнынан айтарлықтай қымбат. Сонымен қатар, борышкер, әдетте, сауда-өндірістік буынның қатысушысы болып табылады және оның контрагенттерінің (жеткізушілер, сатып алушылар, клиенттер, құрылтайшылар) қалыпты жұмысы онымен тығыз байланысты. Шаруашылық айналымға қатысушылардың әрқайсысы жұмыс беруші, салық төлеуші болуына байланысты әлеуметтік тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің көлемі де олардың қаржылық жағдайларына байланысты болады.