Date of publication: 01.04.2015 16:16
Date of changing: 01.04.2015 16:32

Мемлекеттік  кірістер  деңгейі халықтың  әл-ауқатының  өлшемі

 

Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы тарихқа жаһандық дағдарыс кезеңінде Қазақстанның қалыпты дамуын қамтамасыз етуді меже тұтқан стратегиялық құжат ретінде енері сөзсіз. Жолдауда айтылғандардың барлығының бүкіл қазақстандықтарға тұтасымен қатысы бар және республиканы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі ілгері бастыруға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Аймақтардың ілкімді дамуы арқылы бұрынғыдан да басымдау сипатта әлеуметтік бағытты ұстануы Жолдаудың басты ерекшелігі болып табылады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы қаржы полициясының құзыретін Сыбайлас жем­қорлықпен күрес жөніндегі агенттік пен Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті арасында бөлудің «пайдалылығын» атап өтті. Барлық фис­кальды мәселелер – салық, кеден және экономикалық қылмысқа қатысты жайттарды тексеру Қаржы министрлігінде (ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті) тоқайласты.

Біздің мемлекет шағын және орта бизнестің жемісті дамуы үшін айтар­лықтай артықшылықтар беруде. Елде азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыру мақсатында барлық қажетті жағдайлар жасалу үстінде. Биліктің барлық деңгейінде мемлекет пен бизнестің өзара пікір алмасуының толыққанды жүйесі құрылған, бизнестің жай-күйін жақсарту жөніндегі жұмыстар жүйелі негізде жүргізіледі, кәсіпкерлікті қолдаудың инфрақұрылымы кеңейе түсуде, несие берудің жеңілдетілген шарттары қарастырылған.

Қазіргі таңда отандық кәсіпкерлер шаруашылықты жүргізудің нарықтық жү­йесіне негізделген мемлекет экономика­сының тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, либералды және нарықтық құндылықтардан кері шегінбеуге жол бермеу арқылы қоғамдағы саяси үдерістерге де ықпал етеді.

Салық төлеушілер Конституциямен бекітілген өз міндеттерін орындай отырып, мемлекет қазынасын толықтырады. Кез келген мемлекеттің негізін оның салықтар, кедендік және өзге де міндетті бюджеттік төлемдер есебінен толықтырылатын қазынасы құрайтыны белгілі. Олардың толық әрі дер кезінде төленуін мемлекеттік кірістер органдары қадағалайды.

2014 жылдың қорытындысымен Қа­рағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті және оның аумақтық құрылымдарының мемлекеттік бюджет жос­парын орындау көрсеткіші, жоспардағы 265,2 млрд. теңгенің орнына 264,3 млрд. теңгені, яғни, 99,7 пайызды құрады. Оның ішінде, тиісінше, республикалық бюджеттің орындалуы – 99,0 пайыз болса, жергілікті бюджет 100,5 пайызды құрайды.

Жалпы алғанда, салық органдарының құзырындағы мемлекеттік бюджеттің кіріс  бөлігінің өсімі 2,7 млрд. теңгені құрады, оның ішінде, жергілікті бюджет бойынша 9,96 млрд. теңге болды.

2014 жылы республикалық бюджет түсімін ұлғайту мақсатында біздің тарапымыздан қосымша түсімдер мүмкіндіктерін іздестіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. 2014 жылдың қорытындысында, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бюджетке сомасы 13 470,9 млн. теңге қосымша түсім түсірілуі қамтамасыз етілді.

Салық қарыздарын, міндетті зей­нетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер қарыздарын өндіру бойынша іс-шараларды жүргізу мемлекеттік кірістер органдарының мемлекеттік бюджетті толтыру мақсатындағы жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Егер, алынбаған салықтар мен өзге де міндетті төлемдер туралы сөз қозғасақ, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдаймен алып қарағанда, біз оның 8,1 млрд. теңгеге шегерілуін қамтамасыз еттік.

Республикалық бюджет бойынша жеткізілген кіріс түсімдерінің жоспары 2014 жылғы болжаммен салыстырғанда 19,0 пайызға, немесе 29,1 млрд. теңгеге ұлғайтылды, тиісінше, 182,1 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылдың нақты түсімімен салыстыра алғанда 20,2 пайызға, немесе 30,6 млрд. теңгеге ұлғайтылған. Біз 2015 жылдың болжамын сапалы орындау және бюджетке түсім көлемін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында бюджетке қосымша түсім көздерін іздестіру, салық әкімшілігінің сапасын жетілдіруді көздейтін іс-шаралар жоспарын әзірледік.

Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауының талаптарын орындай от­ы­­­рып, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық іс-қимылдарға қатысушылардың салық және кеден заңнамаларын ерікті түрде сақтауы, салықтарды, кедендік және өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтарумен күрес тиімділігі деңгейін арттыру мәселесіне қатысты біршама жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапқан бастамалар елдің тұрақты әрі қалыпты дамуы жолындағы Қарағанды облысы бо­йынша мемлекеттік кірістер органдарының жұмысына соны серпін беретіні күмәнсіз.

«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің алдына транзиттік қуатты арттыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, іскерлік белсенділікті күшейту жұмыстарын жалғастыру міндеттері қойылып отыр. Өз құзыретіміз шеңберінде біз төмендегі міндеттерді оңтайлы орындайтын боламыз:

– тауарларды транзиттік тасымалдау рәсімдерін ықшамдау;

– бизнесті жүргізуге барынша қолайлы жағдайлар тудыруды қамтамасыз ету;

– экономика үшін күрделі кезеңде елдің экономикалық қауіпсіздігіне ықпал ету.

Тауарларды транзиттік тасымалдау үшін кеден төлемдерін төлеуді қамтамасыз ететін және транзит рәсімдерін қам­тамасыз ету жауапкершілігін арқалайтын ұлттық деңгейдегі кепілдемелі оператор құрылады. Ұлттық кепілдемелі оператор халықаралық жүк тасымалдау туралы Конвенция аясында қолданыстағы кедендік транзитті қамтамасыз ету жүйесіне баламалы негізде қызмет атқарады деп күтілуде. Осы ретте, сыртқы экономикалық іс-қимылға қатысушылар үшін ұлттық кепілдемелі оператормен өзара әрекеттесе отырып, құжаттар толтыру және кедендік бақылау рәсімдері мейлінше ықшамдалатын болады. Нәтижесінде, ұлттық кепілдемелі оператордың құрылуы кіріс шарттарын қамтамасыз етуден тысқары, Қазақстан аумағында көліктік-логистикалық ор­талықтардың құрылуы мен дамуына жағымды әсерін тигізіп, транзиттік қуатты күшейте түседі.

Бүгінгі күннің өзінде Еуразиялық Экономикалық Одақтың кедендік қыз­меттерінің басшыларымен тауар­лардың кедендік транзитін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық кепілдемешілерді өзара мойындау туралы Келісімді әзірлеу және оған жеделдетіп қол қою жөніндегі бәтуаға қол жеткізілді.

Департамент тарапынан бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар тудыру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатпен, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру шаралары атқарылуда:

– тіркеу есебінен шығу үшін жеке кәсіпкерлер ұсынатын құжаттардың саны қысқартылды;

– жекелеген салықтық өтініштер мен салықтық есеп беру формаларын халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ұсыну мүмкіндігі тудырылды;

– қызметтерді электрондық үлгіге көшіру жүргізілуде (кедендік декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы беру мүмкіндігі жүзеге асырылды);

– жаңа онлайн сервистер әзірленуде.

Бақылау іс-шараларын шектеу бо­йынша жұмыс жүргізілуде. Үш мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін біріктіруге негізделген тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесі енгізілуде. Аталған жүйе тексеруге жататын, тәуекелі жоғарырақ субъектіні нақты анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы тексерулердің жалпы санын қысқартуға және олардың сапасын арттыруға тиімді әсер етеді.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге жарияланған мораторий мерзімінің аяқталғанына қарамастан, департамент қызметкерлері жаппай тексеріс жүргізуге шықпағанын атап өткім келеді. Оны айтпағанда, біз салық төлеушілерге мораторий кезеңінде туындаған кемшін тұстарды өздерінің ерікті негізде түзетулеріне мүмкіндік беріп отырмыз.

Ерікті түрде тарау рәсімі салықтық тарату тексерісіне балама ретінде, салық төлеушілерге аудиторлық ұйғарым негізінде тарау тәсілін ұсыну жолымен ықшамдалды.

2016 жылдан бастап, бизнеске салықтық тексеріс жүргізу атқарымдарын аудиторлық компанияларға беру жолымен баламалы аудит жүргізу мүмкіндігі берілмекші. Бұл салық төлеушілерге және сыртқы экономикалық іс-қимылдарға қатысушыларға өз кемшіліктерін айыппұл ықпал шараларын қолданбастан ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жалпы бақылау іс-шараларының саны шектелгеніне қарамастан, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өз міндеттеріне жауапсыз қарайтын кәсіпкерлерге бақылауды күшейтетін болады. Біздің басты мақсатымыз – жария бизнеске қолдау мен көмек көрсету, шынайы әрі әділ бәсекені қамтамасыз ету. Бұған бізде барлық мүмкіндіктер бар.

Мәселен, кедендік тәуекелдерді басқару жүйесін реформалау сыртқы экономикалық іс-қимылдарға қатысу­шылардың жауапкершілігі төмендерін анықтауға мүмкіндік береді және сырттан тауар тасмымалдаушылардың барлығына бірдей жағдай тудырады. Сонымен бірге, сыртқы экономикалық іс-қимылдарға қатысушылардың жауапкершілігі жоғары­ларын шоғырландыру және уәкілетті экономикалық оператор институты арқылы кедендік тазарту рәсімін ықшам­дау жұмысы жүргізілуде.

Түйіп айтқанда, «Нұрлы Жол» – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі жолындағы аса ауқымды қадам. Қарағанды облысының мемлекеттік кірістер органдары алға қойылған міндеттерді еңсеру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады.

 

Азамат АХМЕТОВ,

Қарағанды облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.