Жарияланған күні: 09.12.2022 15:25
Өзгертілген күні: 09.12.2022 15:26

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталады

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар үшін жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталды.

Жалпыға бірдей декларациялаудың 1 кезеңінде декларацияны келесі тұлғалар ұсынды:

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;

- «ҚР-дағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «ҚР-дағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР заңдарына сәйкес ұсыну міндеті жүктелген тұлғалар.

Жалпыға бірдей декларациялаудың 1 кезеңінің қорытындысы бойынша:

- 250.00 нысандағы декларацияны 47 852 адам:

- 270.00  нысандағы декларацияны 46 259 адам тапсырды.

01.01.2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларын қоса алғанда) және олардың жұбайларын, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларын жалпыға бірдей декларациялаудың 2 кезеңі басталады.

«Мемлекеттік мекемелер - бұл білім беру, мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салалардағы ұйымдар.

Квазимемлекеттік сектор - бұл мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, мемлекет қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық компаниялар, сондай-ақ олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар», - деп толықтырды Департаментте.

Қарағанды облысында мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың 64 468 мыңнан астам қызметкері мен олардың жұбайлары алғаш рет активтері мен міндеттемелері туралы бастапқы декларацияны тапсырады.

Бастапқы декларацияда Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлік пен активтерден басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар және т.б. мағлұматтар көрсетіледі.

Сондай-ақ, 10 000 еселенген АЕК мөлшерінің шегінен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Бүгінгі таңда бұл 30 миллион 630 мың теңге.

Бұл ретте заңнамамен 10 000 АЕК-тен астам қолма-қол ақшаны сақтауға тыйым салу көзделмеген.

Осыған байланысты жеке тұлғалар ақшаны қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз нысанда сақтау мәселелерін, сондай-ақ олардың сомасын дербес шешуге құқылы.

Декларацияларды ұсынудың 2 мерзімі көзделген:

15 шілдеден кешіктірмей - қағаз жеткізгіште;

15 қыркүйектен кешіктірмей - электронды түрде.

Декларацияны электронды түрде – Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушінің кабинеті» web-порталы (cabinet.salyk.kz),  арқылы, «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) арқылы, сондай-ақ «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады.

Қағаз жеткізгіште – мемлекеттік кіріс органдарына келу тәртібімен немесе пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберіледі.

Қорытындылай келе, жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналым мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдердің ұлғаюын қамтамасыз ететінін, сонымен қатар Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің салық мәдениетін арттыратынын атап өткім келеді.