Өткен жылдың 13 қарашасы күні Елбасы «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды.
Жалпы, мүлікті жариялау жөнінде әңгіме қозғаған кезде, «Қандай жеке құндылықтар жариялау арқылы заңдастыруға жатады?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Аталмыш сұрақтың жауабы өзіміз сөз етіп отырған заңның 3 бабында нақты айқындалған. Атап айтсақ, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, басқа біреудің атына рәсімделген жылжымайтын мүлік, еліміздің территориясындағы ғимарат, шетелдегі жылжымайтын мүліктер мен қаржылар жариялау арқылы заңдастыруға жатады. Осы орайда пайдалану құқығы сотпен қаралып жатқан мүліктер, несиеге алынған қаражат, мемлекет пайдасына берілуге тиісті мүлік, бюджет қаражатына салынған обьектілер, жемқорлықпен байланысты қылмыстық жолмен келген мүлік, т.б. заңдастыруға жатпайтынын еске сала кеткен орынды. Сонымен қатар мүліктерді заңдастыру акциясы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізілгенімен, жылжымайтын мүліктерге байланысты құжаттарды қабылдау уақыты 30 қарашада аяқталады.
Ол үшін кез келген субъект осы заңда көрсетілген аз ғана талаптарды орындаса, жеткілікті.
Заңда қаржы мен мүлікті жария ету талаптары түбегейлі жеңілдендірілген. Қағазбастылық пен бюрократтық әрекеттерге тегеурінді тосқауыл қойылған. Әңгімені қаржыдан бастайық. Бұл шара аталмыш заңның 8 бабының(ақшаны жария етуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі жөніндегі жалпы ережелер) талаптары негізінде жүзеге асырылады. Мысалы, қаржының иесі тиісті қаражатын екінші дәрежедегі банкідегі немесе Ұлттық пошта операторындағы жинақшоты арқылы көрсеткен жағдайда, 10 пайыздық алым алынбайды. Сонымен қатар субъект қаржыны жария еткен күннен бастап ақшасын кәсіпкерлікке, құнды қағаздар сатып алуға, инвестиция құралы ретінде жұмсауға, мүліктер сатып алуға, т.б. жұмсауға құқылы. Ал енді екінші жағдайда субъект шетелдегі немесе қолма-қол айналымдағы қаражатын банкке салмай-ақ, арнайы декларацияда көрсету арқылы да жария етуіне болады. Мұндай жағдайда он пайыздық алым алынады және арнайы декларацияны жергілікті мемлекеттік кіріс органына тапсыру міндетті. Сонымен қатар ақша ұлттық және (немесе) шетел валютасында екінші деңгейдегі банкте, Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шотқа салу (аудару) және тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны тапсыру арқылы жария етілуге жатады. Жария етілетін ақшаны ағымдағы шотқа енгізген (аударған) кезде екінші деңгейдегі банк, Ұлттық пошта операторы жария ету субъектісіне аударылған ақша сомасының мөлшерін растайтын анықтама береді. Арнайы декларация мен анықтама – мүлікті жария етуші субъектінің заң алдында өзін кез келген заңсыз әрекеттерден қорғайтын негізгі құжат. Тағы да бір ескерте кететін жағдай – тиісті тәртіппен жария етілген ақша мен жылжымайтын мүлік аталмыш заңның 10-1 бабының (Жария ету субъектісіне салықтық рақымшылық жасау) талаптары негізінде табыс салығын салуға негіз болып танылмайды. Жоғарыда қолма-қол айналымдағы және шетелдік банктерде жатқан қаржыны заңдастыру шараларын айтып өттік.
Ал енді жылжымайтын мүлікті заңды түрде жария етудің жеңілдетілген процедураларына тоқталайық. Мысалы, еліміздің территориясында тиісті талаптарға сай рәсімделген жылжымайтын мүліктерді заңдастыру кезінде он пайыздық алым алынбайды. Осы айырмашылықты көп адамдар біле бермейді. Он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын (оның ішінде басқа біреудің атына жазылған) мүлікті заңдастыру кезінде ғана алынады. Он пайыздық алым мөлшері жылжымайтын мүліктің арнайы декларацияда белгіленген құнынан өндіріледі. Және тағы бір ерекшелік – мүліктің құнын субъектінің өзі анықтайды. Ол үшін тұрғылықты жер бойынша мемлекеттік кіріс органдарына тиісті құжаттар мен арнайы декларацияны тапсырса жеткілікті.
Міне, мүлікті жария етуге мүдделілік танытқан субъектілер үшін бұдан артық қандай жеңілдік пен кепілдік керек? Мұндай нормативтік-құқықтық акт алдағы жылдардың еншісінде тағы қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Осы орайда Елбасымыз: «Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды. Жариялау – жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт» деп баса ескертті. Бұған қоса аталмыш акция біткеннен кейін шетелдегі жылжымайтын мүлік пен есепшоттар бойынша түскен ақпараттардың барлығы мемлекетаралық келісімдер негізінде түбегейлі тексерілетінін, қатаң шаралар қолға алынатынын да қадап айтты. Себебі кез келген заң қаншалықты жеңілдік жасағанмен, оны орындамаған субъектілерге жазалау шараларын да назардан тыс қалдырмайды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы «Қылмыстық жолмен ізі жасырылған ақшаны әшкерелеу, алу және тәркілеу туралы» халықаралық Страсбург Конвенциясының мүшесі. бұл Конвенция 2011 жылдың 2 мамырында Қазақстан Республикасының заңымен ратификацияланған. Енді Елбасымыз айтқандай, қылмыстық жолмен шетелден сатып алынған жылжымайтын мүлікті және шетел асып кеткен қаражатты тексеру еш қиындық тудырмайды. Бұған қоса, 2017 жылдан бастап, жалпыға ортақ декларациялау процесі басталады. Мүлікті уақытында жарияламаған субъектілерге сол кезде заң алдында жауап беруге тура келеді. Сондықтан да мүлікті жариялауға байланысты барлық мүмкіндіктерді қарастырып отырған заң алдында жалтақтық танытпай, ертеңгі күннің қамын бүгіннен ойлау керек. Турасын айтқанда, заң алдында жауап бергеннен гөрі, заң жолымен жүрген адамның әрдайым мерейі үстем болатынын ұмытпаған абзал.
Қарағанды облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер Департаменті