Мүлікті заңдастыру мен қаржыға рақымшылық
2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталған мүлікті жария ету іс-шаралары 2015 жылдың аяғында аяқталуы керек болатын. Алайда қажеттілікке сай аталған науқанның мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.
Жария ету – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Еуропаның бірқатар елдері, көптеген АҚШ штаттары мұндай акцияны бірнеше рет өткізіп келеді. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару мәселесі барлық елдерде де өте өзекті болып табылады. Алғашқы ақшаны жария ету Қазақстан Республикасында 2001 жылғы шілде-тамыз айларында бір ай бойы өткізілді. Жария ету ол кезде бір жолғы акция түрінде, сол өткізу кезеңіне Қазақстан азаматтарының екінші деңгейдегі банктердегі арнайы шоттарға ақша салуы жолымен өткізілді. Амнистия нәтижесінде Қазақстан Республикасының шамамен 3 мыңға жуық азаматы 480,0 миллионнан астам АҚШ долларын жария етті.
2006-2007 жылдары жария етуге тек қана ақша емес, сол сияқты жылжымалы және жылжымайтын мүлік те жатқызылды. Осы ерекшелікті, сондай-ақ, мерзімдерін ұзартуды ескере отырып, акция анағұрлым созылмалы сипатта болды және бір жылдан астам уақытты қамтып, 2006 жылғы 3-шілдеден бастап, 2007 жылғы 1-тамызға дейін өткізілді. Сол кезде мүлікті жария етуді өткізу үшін жария етілген мүлік құнының 10 пайызы мөлшерінде алым алу көзделді.
Осы акцияны өткізу нәтижесінде 845 млрд. теңге немесе 7 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі (бұл 2006 жылғы ІЖӨ-нің 8,3 пайызы) мүлік жария етілді. Оның ішінде 538 млрд. теңгенің ақшасы (бүкіл мүліктің 63,7 пайызы), 236 млрд. теңгенің жылжымайтын мүлкі жария етілді. Осы шарадан республикалық бюджетке шамамен 60 млрд. теңгенің немесе 483 млн. АҚШ долларының жария ету алымы түсті.
– Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналымда қомақты қаржының жүргендігі. Оны жарыққа шығару керек. Мәселен, 2012 жылы көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 19 пайызына жуықтаған. Бұл шамамен 6 триллион теңгені (Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша) құрады. Екіншіден, назар аударатын тағы бір нәрсе, бұл – шетелдік инвестициялардың қысқаруы мен ағымдағы операциялар шоты сальдосының төмендеуі. Үшіншіден, дағдарыс құбылыстарына байланысты банк секторы тарапынан экономиканы несиелендірудің төмендегені байқалады.Міне, осылайша экономиканы дамыту үшін қосымша ресурстар тарту қажеттігі туындады.
Сонымен қатар мүлікті жария етуге қатысты жаңадан түзетулер енгізілді. Жаңа түзетулерлердің бірі - банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге 10% алым алынып тасталды.
«Жария ету туралы» Заңда мүлкін жария етушілердің әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктің қандай түрлерінен босатылатындығы нақты жазылған. Сондай-ақ, қандай қылмыстардың жауапкершіліктен босатылмайтындығы да жазылған. Қандай қылмысты жолдармен алынған мүліктердің жария етуге жатпайтындығы көрсетілген. Ал енді кепілдік беру мәселесіне келсек, заң бойынша жария ету барысында алынған мәліметтердің құпиялы болатындығына кепілдік берілген. Екіншіден, жария етуді жүргізу үдерісі барысында алынған мәліметтер негізінде мүлкін жария етуші субъектіге жария етілген мүліктің шегінде қылмыстық қудалаудың, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартудың болмайтындығы, мұндай әрекеттерге тыйым салатындығы жөнінде кепілдік берілген.
Заңмен шетелдік банктердегі шоттарда тұрған ақшаны жария ету мүмкіндігі берілген. Ұсынылған жария ету рәсімі бойынша ақша екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ, пошта қызметінің ұлттық операторында ашылған арнайы жинақ шоттарына есепке жатқызылуы тиіс. Одан кейін, субъект жария ету құралын таңдауы керек.
Біріншіден, ақшаны жоғарыда айтылған екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ, пошта қызметінің ұлттық операторында ашылған арнайы жинақ шоттарында бес жыл бойында ұстауға болады, тіпті, оған нарықтық мөлшерлемемен сыйақы да алып тұрады. Екіншіден, егер ынтасы болса, бұл қаржыға мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық басқарушы холдингтердің және компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің облигациялары мен акцияларын сатып алу арқылы, «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу арқылы экономикамызды инвестициялауға болады. Үшіншіден, азаматтар жария етілген ақшаларына жекешелендірудің екінші толқынына шығарылатын нысандарды сатып ала алады.
Осы заң бойынша ақша банкте немесе Қазпоштада ашылған арнайы жинақтау шотына салған сәттен бастап заңды деп танылады. Ол үшін тиісті құжат беріледі.
Сонымен бірге, талқылауларды ескере отырып, Заң жобасына мынадай нақтылаушы ережелер енгізілді:
Мемлекеттік тіркелуге жататын жария етілген мүлікті субъект өзі дербес тіркейді. Жария етілген мүлікті рәсімдеумен байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шығыстардың барлығын жария ету субъектілерінің өздері дербес көтереді.
Комиссия жария етуге өтініш пен тиісті құжаттар келіп түскен күннен бастап құжаттарды 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қарауы тиіс.
Берілген мүмкіндікті пайдаланғысы келген адам үшін алынатын алымның мөлшері кедергі болмайды деп санаймыз. Мөлшерлеме жеке табыс салығы бойынша (10 пайыз) қандай болса, дәл сол мөлшерде белгіленген. Бұдан басқа мүлікті (ақшадан басқа) жария ету бойынша алынатын 10 пайыз мөлшеріндегі алым елдің ішінде белгіленбейді. Өйткені шетелдегі мүлікке қарағанда іштегі мүлік салық әкеледі. Осыған байланысты, Заңда шетелдегі жария етілетін мүлікке, сондай-ақ, елдің экономикасына инвестиция жасамастан мерзімінен бұрын алынатын жағдайда ақшаға алым салығын салу көзделген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлердегі жылжымайтын мүліктерді жария ету бойынша Жаңаарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында құрылған мүлікті жария етуге байланысты комиссияға өз өтініштеріңізді ұсынуға болады.
Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлердегі жинақталған ақшалай қаражаттарыңызды еліміздің кез келген екінші деңгейлі банктерінде (оның ішінде (Казпочта» АҚ енеді ) құрылған ақшалай қаражатты жария етуге байланысты арнайы комиссияға өтініштеріңізді ұсынуға болады.
Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан жылжымайтын мүліктерді жария етуге байланысты мүліктің орналасқан жері бойынша сол жердегі аудандық немесе қалалық мүлікті жария етуге байланысты құрылған комиссияның қарауына өз өтініштеріңізді ұсынуға болатындығын назарларыңызға саламыз.
Әрбір жария етілген мүлік немесе ақшалай қаражат еліміздің экономикасының дамуына мүлтіксіз қызмет етуі тиіс деп санаймыз.
2017 жылдан бастап мүлік пен табысты жалпыға ортақ декларациялау кезеңіне көшкелі отырмыз. Бұл үрдіс кірісіңізбен қатар шығыстарыңызды толық қамтиды. Осы тұста өздеріңіздің аттарыңыздағы рәсімделмеген мүліктердің немесе ақшалай қаражаттарыңызды заңдастырып алуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Сондықтан аттарыңыздағы рәсімделмеген мүліктердің немесе ақшалай қаражаттарыңызды заңдастыруға асығайық.
Қарағанды облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер Департаменті