
Тауарлармен электрондық сауда – бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде: - тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса; - тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе; - тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік және (немесе) пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен шарттар болса, интернет-дүкен және (немесе) интернет-алаң арқылы ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет. Салық кодексімен интернет-дүкен және (немесе) интернет-алаң түсінігі берілген. Тауарлармен электрондық сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қоюға жатқызылады. Сонымен қатар, тауарлармен электрондық саудада жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қою, Салық кодексінің 4-бабының екінші абзацына сәйкес, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын тәртіппен, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның негізінде жүргізіледі. Аталған хабарлама, салық органына жекелеген қызмет түрін жүзеге асыру басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті келесі жұмыс күн ішінде Комитеттің интернет-ресурсына (Электрондық сауда қосымша парақшасы) салық төлеушілердің тізімі орналастырылады. Салық кодексінің 293-бабы 3-тармағына сәйкес, тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын салық төлеуші Салық кодексінің 302 бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтады.
Балқаш қаласы бойынша МКБ