
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде маңызды мәселелер талқыланған жиын өтті. Кәсіпкерліктің әртүрлі саласының қызығушылықтарын қорғаған кәсіпкерлер қауымдастықтары, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері Консультативтік кеңесте бас қосты.
Кеңес жұмысы ұдайы өткізіліп тұрады. Отырысты тізгіндеген департамент басшысы Азамат Ахметов кеңес жұмысы қос тарап үшін де тиімді екендігін атап өтті. Кеңес арқылы кәсіпкерлер мен мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлері арасында тікелей байланыс орнатылған.
Бұл жолғы отырыста салық тексерулерін жүргізу, әкімшілік айпыпұлдарды өндіру және мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері сарапқа түсті.
Аталған орган тарапынан салық төлеушілер үшін оңтайлы механизмдер енгізу мықтап қолға алынып келеді. Салық және кедендік міндетті төлемдерді төлеу, процестерді автоматтандыру, төлем төлеу әдістерін жетілдіру бойынша ауқымды істер басталуда.
Содай-ақ, департамент басшылығы жұмысты ашық әрі айқын жүргізуді негізге алуда. Кеңес жұмысы да – осы мақсат жолындағы бастамалардың бірі. Кәсіпкерлер үшін қажетті де пайдалы істердің түйіні кеңес отырыстарында біржақты шешіліп келеді.
Өз тілшімізден.