Жарияланған күні: 25.05.2021 12:06
Өзгертілген күні: 25.05.2021 12:08

«Кіріс» декларациясына камералдық бақылауды Қаржы министрлігі органдары жүзеге асыратын болады

 

Жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитетінің органдары азаматтардың барлық «кіріс» декларацияларына камералдық бақылау жүргізеді. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

««Кіріс» декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізілетін болады.», - деді Жамаубаев.

Сонымен бірге, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген жеке тұлғалар декларацияда көрсетілген Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті, сондай-ақ басқа да активтерді сатып алудың заңдылығы бойынша 2025 жылға дейін тексеруге жатпайды.Декларацияны оңайлату үшін Қаржы министрлігі декларациялауға жататын мүлік тізбесін нақтылау бойынша заңнамалық шараларды қабылдады және жыл сайынғы жиынтық декларацияны ұсыну міндеттемесін алып тастады. Енді азаматтарға декларацияда мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейдегі банктердегі ақша туралы мәліметтерді көрсетудің қажеті жоқ, өйткені бұл мәліметтер автоматты түрде Министрліктің интеграцияланған базасына жіберіледі.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кіру кезінде азаматтар активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс декларациясын» ұсынады, ол қағаз түрінде 15 шілдеден, ал электронды түрде - 15 қыркүйектен кешіктірілмей тапсырылуы керек.

«Декларация жинақталған активтерді тіркеу және кейіннен оның өсімінің мониторингі үшін бір-ақ рет ұсынылады», - деп түсіндірді министр.

Декларацияның өзі көлік құралдары, заңды тұлғадағы акциялар, шетел мемлекетінде тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі қаражат туралы ақпаратты ұсынады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі мүлік туралы мәліметтер келтірілген. Соның ішінде бағалы қағаздар, тұрғын үйдегі үлес, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық, қолма-қол ақша, 10000 АЕК шегінде, дебиторлық / кредиторлық берешек және 1000 АЕК-тен асатын басқа мүлік.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүліктері туралы декларация тапсыруы керек. Декларация активтер мен кірістерде қозғалыс болмаған жағдайда ғана ұсынылуы мүмкін. Е.Жамаубаевтың айтуынша, бұл жыл сайын декларация тапсыруға міндетті декларанттардың санын 12,9 миллионнан 3,5 миллионға дейін азайтуға мүмкіндік береді.