
Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы
2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына қол қойылды. Заң ағымдағы жылдың наурыз айында енгізіледі.
Заң жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің үш түрін қарастырады: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Барлық үш процедураны тек борышкердің өзі бастайды, несие берушінің борышкерге қатысты аталған процедураларды қолдануға құқығы жоқ.
Соттан тыс банкроттықты тек 1600 АЕК (5,5 млн теңге) аспайтын банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша ғана қолдануға болады. Рәсімді бастау үшін борышкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тиісті өтініш береді.
1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша және борыштардың қалған түрлері бойынша Қазақстандықтар сот банкроттығын қолдана алады. Өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі. Іс жүргізу қозғалған күннен бастап борыштық міндеттемелер өткен болып есептеледі, өсімпұл (тұрақсыздық айыбы, айыппұл) есептеу тоқтатылады, ал борышкерге өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелер қабылдауға тыйым салынады, ҚР шегінен тыс жерлерге шығуға тыйым салынады, борышкердің мүлкіне қатысты соттардың бұрын қабылданған шешімдерін орындау тоқтатылады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру сотта тұрақты табыс болған кезде қарыздарды (5 жылға дейін) бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Банкроттық танылғаннан кейін азаматтар: 5 жыл ішінде ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа, қарыздар мен несиелер алуға шектеледі; қайта рәсімге тек 7 жылдан кейін ғана өтініш бере алады; сонымен қатар, олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейінгі 3 жыл ішінде бақыланады.
Бұдан басқа, ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық мәселелері бойынша нормативтік – құқықтық актілерге және ӘҚБтК түзетулеріне ілеспе түзетулер қабылданды.
Мысалы, мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге ақпаратты жасырғаны, мүлікті өзге иеленуге бергені, мүлікті иеліктен шығарғаны немесе жойғаны, сол сияқты құқық белгілейтін құжаттарды жасырғаны, жойғаны, бұрмалағаны үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімінде 100 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген (345 000 теңге).
Сұрақтар туындаған жағдайда, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қарыздармен жұмыс басқармасының Оңалту және банкроттық бөлімінің телефондары бойынша ақпарат біле аласыздар: 41-09-49, 1414/3.