Жарияланған күні: 01.03.2016 19:07
Өзгертілген күні: 01.03.2016 19:08

Борышкердің банкроттық рәсімі кезеңіндегі мүмкіндіктерін кеңейту (оңалтуға ауысу және бітімгершілік келісім бекіту)

 

Қазақстанда дәрменсіздік (банкроттық) концепциясы аталған институт қолданысқа енгізілгеннен бері елеулі өзгерістерге ұшырады.  Заң шығарушының дәрменсіздік ұғымына, борышкердік банкрот деп тану негіздеріне, банкроттық рәсімдеріне, т.б. көзқарасы өзгерді. 1992 жылғы банкроттық туралы Заң және 1995 жылғы банкроттық туралы Жарлық банкроттық негізін анықтағанда төленбеу критерийін ұстанса, 1997 жылғы банкроттық туралы Заң төлеу қабілетсіздігі критерийін ұстанады. Барлық заңнамалардағы дәрменсіздік ұғымының негізгі екі нұсқасы бар: борышкерді банкрот деп танудың негізінде не оның төлеу қабілетсіздігі (түсетін ақша қаражаттарына жасалған талдаудың негізінде) принципі, не төлей алмау принципі (борышкердің активтері мен пассивтері балансының ара-қатынасына сәйкес).

Банкроттық туралы заңнаманның дамуының неғұрлым маңызды көріністерінің бірі – дәрменсіз борышкерге қолдануы мүмкін тарату және оңалту рәсімдерінің ара-қатынасы. Экономикалық әдебиеттерде соңғы кездері шет елдерде банкроттық туралы істер бойынша сот өндірісінің практикасында «қарызға батқан» кәсіпорынның төлеу қауқарын қалпына келтіру, кәсіпорынның қарыздарын реттеу жоспарын жүзеге асыру жолымен оған жағдайын түзетуге мүмкіндік беру, кәсіпорынның экономикалық жұмысын «санациялау», ұйымдастырушылық көмек көрсету, т.б. шаралар қолдану түріндегі жаңа көрініс күш алып келе жатқаны ерекше аталады.  

Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңындағы жаңалықтар Ұлттық 100 нақты қадам Жоспарының бес институттық реформаларын жүзеге асыруға және оңалту мен банкроттық рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.

Өзгерістер бизнесті, жұмыс орындарын, салық төленетін базаны мүмкіндігінше сақтап қалуға, оңалту және бонкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Мысалы, бизнесті сақтап қалуға бағытталған өзгерістердің бірі - банкрот деп тануға дейін және оңалту рәсімін қолданғанға дейін төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімінің енгізілуі.

Сонымен қатар, соттың банкрот деп тану туралы шешімінің орындалуын қысқартып, банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне немесе қалыпты жұмысына оралу мүмкіндігі қарастырылған.

Тағы бір өзгеріс – банкроттық рәсімінің кез-келген сатысында бітімгершілік келісімін бекіту және кәсіпорында жаңа меншік иесіне сату мүмкіндігі.    

Банкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқарту, рәсімді өткізуге жұмасалатын шығындарды азайту, сонымен қатар кредиторлық қарыздардың қайтарылу деңгейін арттыру мақсатында оңалту немесе банкроттық туралы шешім қабылдаған судьяның (сот) рәсім аясында дауларды қарау бойынша құзыры; оңалту және банкроттық рәсімі аясындағы сот актілерінің жедел орындалуы;  оңалту және банкроттық рәсімі аясындағы сот актілеріне апелляциялық сатыда шағым келтіруге шектеу қойылуы қарастырылған.

Біз Сіздермен банкроттық рәсімінен оңалтуға өту мүмкіндігін және банкроттық рәсімінің кез-келген сатысында бітімгершілік келісімін бекіту мүмкіндігін қарастырамыз.

Қазақстан Республикасының  «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 95-1 бабында банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту мүмкіндіктері қарастырылған, мысалы борышкерге қатысты оңалту рәсiмi қолданылмаған, ал банкроттық рәсімі барысында мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшы (қатысушы) осы Заңның 73-бабы 1, 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін оңалту жоспарын әзірлеген жағдайда мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшы (қатысушы) немесе ол уәкілеттік берген адам банкроттықты басқарушыға әзірлеген оңалту жоспарын және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту мүмкіндігін қарау үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы өтiнiшхатпен жүгінуге құқылы.
           Кредиторлар жиналысы ұсынылған оңалту жоспарымен және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өтумен келіскен жағдайда жиналыс сонымен бір мезгілде мүліктің меншік иесінің немесе борышкердің мүлкi мен iстерiн басқару жөніндегі құрылтайшының (қатысушының) құқығын қалпына келтіру мәселесін шешуге не уәкілетті органда тіркелген адамдар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдауға міндетті.

Банкроттық рәсімінің аясында бекітілетін бітімгершілік келісімнің (Заңның 112-5 б.) борышкерлер мен кредиторлар арасында бекітілетін төлеу мерзімін кейінге қалдыру, бөліп төлеу, жаңалау, қарызды кешіру, қарыздан жеңілдік жасау тәрізді азаматтық-құқықтық келісім-шарттардан бірқатар ерекшеліктері бар.

Банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар бітімгершілік келісімді жасасуға құқылы. Кредиторлар тарапынан бітімгершілік келісімді жасасу туралы шешім кредиторлар жиналысында қабылданады. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді. Осында сот бітімгершілік келісімді тек бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша қарыздар өтелгеннен кейін ғана бекіте алатынын атап өту қажет.

Нарықтық экономика жағдайларында өмір сүруімізге байланысты біз әрдайым контрагенттердің: мүлкімізді немесе азаматтық жауапкешілігімізді сақтандырған сақтандыру компаниясының, қаражаттарымызды салған банктің, біз акцияларын сатып алған қоғамның төлем қабілетсіздігімен кездесе аламыз.

Банкроттық тек банкроттардың кредиторларына ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғамға да елеулі зиян келтіреді.

Сондықтан, дәрменсіздіктің алдын алуға бағытталған іс-шаралардың уақытында, тиімді өткізілуі, кредиторлардың банкроттық рәсімін өткізуге белсенді қатысуы аса маңызды, ал ол үшін банкроттық туралы заңнаманы жетік білу қажет.

Басқарма басшысы К.Ахметбеков