Жарияланған күні: 28.05.2020 12:59
Өзгертілген күні: 28.05.2020 14:30

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI Заңына  (бұдан әрі – Заң) сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап  Салық кодексінің 71-тарауы «жалпыға бірдей декларациялау» күшіне енетінін хабарлайды.

Заңның 45-1-бабының негізінде жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңмен енгізіледі.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны табыс ететін тұлғаларға қатысты

Заңның 45-1-бабының 1) тармақшасында 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап (1-кезең) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (бұдан әрі – декларация) жылдың 1 қаңтарына мынадай жеке тұлғалар декларацияны табыс етеді деп белгіленген:

жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар мен олардың жұбайлары;

мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар мен олардың жұбайлары;

мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары;

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына (бұдан әрі – Сайлау туралы заңы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңы, Банктер туралы заңы, Сақтандыру қызметі туралы заңы, Бағалы қағаздар нарығы туралы заңы) сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар болып табылатын жеке тұлғалар декларацияны ұсынады.

Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңның 1-бабына сәйкес:

жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын тұлға – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын тұлға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын тұлға;

мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін уақытша орындайтынтұлға;

мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлға – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған тұлға; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын тұлға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері.

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар:

сайлау туралы – Қазақстан Республикасы Президенттігіне (59-баптың 2-тармағы), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының (73-баптың 2-тармағы) және Мәжілісінің (89-баптың 2-тармағы) депутаттығына және Қазақстан Республикасы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне (118-баптың 1-1-тармағы) кандидаттар (бұдан әрі – кандидат), сондай-ақ аталған адамдардың жұбайлары;

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы – Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттар және олардың жұбайлары (11-баптың 2-тармағы);

банк қызметі туралы – банктің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге ниет білдірген тұлғалар (17-1-баптың 4-тармағының 3-3) тармақшасы);

сақтандыру қызметі туралы – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге ниет білдірген тұлғалар (26-баптың 6-тармағының 6) тармақшасы);

бағалы қағаздар нарығы туралы – инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге ниет білдірген тұлғалар (72-1-баптың 6-тармағының 6) тармақшасы).

Декларацияны тапсыру тәртібіне қатысты

Салық кодексінің 632-бабы 1-тармағына сәйкес, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, декларация:

1) қағаз жеткізгіште тапсырылған жағдайда – декларацияны тапсыру міндеттемесі туындаған ағымдағы жылдың 15 шілдесінен кешіктірілмей;

2) электрондық түрде тапсырылған жағдайда – декларацияны тапсыру міндеттемесі туындаған ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тұрғылықты (болу) жері бойынша тапсырылады.

Декларацияны тапсыру мерзімдері бөлігінде осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері:

Сайлау туралы заңына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңына сәйкес сайланбалы лауазымдарға кандидаттар;

Банктер туралы, Сақтандыру қызметі туралы, Бағалы қағаздар нарығы туралы заңдарына сәйкес банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары болуға ниет білдірген тұлғалар ретінде декларацияны тапсыратын тұлғаларға қолданылмайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңның 11-бабы 2-тармағының негізінде кандидаттар мен олардың жұбайлары декларацияны кандидат ретінде тіркелгенге дейін табыс етіп ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне мәліметтерді көрсетеді.

Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болғысы келетін тұлғалар декларацияны уәкілетті органға банктің ірі қатысушысы мәртебесін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы мәртебесін, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін алу туралы өтініш берген күнге дейін табыс етеді.

Декларацияда мәліметтер осы декларация табыс етілген айдың бірінші күні көрсетіледі (Банктер туралы заңның 17-1-бабы 4-тармағының 3-3) тармақшасы, Сақтандыру қызметі туралы заңның 26-бабы 6-тармағының 6) тармақшасы, Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 72-1-бабы 6-тармағының 6) тармақшасы).

Осылайша, егер жеке тұлға 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдайы бойынша жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын тұлға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлға не аталған тұлғалардың жұбайы болса, онда оның декларация тапсыру бойынша міндеттемелері 15 – шілдеден кешіктірмей қағаз тасымалдағышта не 15 қыркүйекте электрондық түрде тапсыру міндеттеледі.  Бұл мәліметтерді аталған тұлғалар декларацияда 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша көрсетіледі.

Егер жеке тұлға Сайлау туралы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарға сәйкес кандидат болып табылса, онда мұндай тұлға және оның жұбайы декларацияны кандидат ретінде тіркелгенге дейін  және кандидаттыққа ұсынылған мерзімі басталған айдың бірінші күніне мәліметтерді көрсетеді.

Банктер туралы, Сақтандыру қызметі туралы, Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болғысы келетін тұлға уәкілетті органға осы декларацияны табыс ету айының бірінші күніне мәліметтерді көрсете отырып, осындай мәртебені иелену туралы өтініш берген күнге дейін декларацияны табыс етеді.