Date of publication: 26.02.2016 18:32
Date of changing: 26.02.2016 18:33

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Ойын бизнесі туралы» брифингі өтті

 

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Экономикалық тергеу қызметінің басымды бағыттарының бірі - заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл болып табылады.

«Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес казино мен ойын автоматтары залы Алматы облысы Қапшағай су қоймасының  жағалауында және Ақмола облысы Щучинск ауданында орналасуы керек.

Осыған қарамастан, қаскүнемдер бірінен кейін бірі еліміздің басқа аймақтарында да өздерінің жасырын казиноларын ашып келеді. 2015 жылғы есепті кезеңде Экономикалық тергеу қызметі Қарағанды облысының аумағында 20 заңсыз ойын мекемелерінің қызметін тоқтатты.

Сонымен, өткен кезеңде  2 ойын автомат залының, 6 электрондық казино залының,  2 покер клубының, лотереялық терминал арқылы 5 ойын бизнесі ұйымының қызметі тоқтатылған. Заңсыз айналымнан  1 электрондық рулетка,  41 ойын автоматтары, 62 жүйе блоктары, 1  төлем терминалы, 18 лотерея терминалдары алынды.

            Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК жаңа нормаларына сәйкес тексеріс өткізген сәтте заңсыз ойын мекемесінде болған ойыншылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға жатады, ҚР ӘҚБтК 444-бабына сәйкес осындай құқық бұзушылық үшін жаза 200 АЕК-ті құрайды, осыған байланысты экономикалық тергеу қызметі Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер департаментіне ҚР ӘҚБтК 444-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 10 тұлғаға қатысты материалдар жолданды. 

Алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында үй-жайларды жалға алушылар, осы үй-жайларды заңсыз ойын бизнестерін ұйымдастыруға берген жағдайда ҚР ҚК 307-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілуде.

Электрондық казино – бұл аппараттық-бағдарламалық кешенді және (немесе) интернет-ресурсты пайдаланатын, нақты уақыт режимінде Интернет желісі және (немесе) электрондық ақша арқылы құмар ойындарды ұйымдастыру мен өткізу мүмкіндігін іске асыратын және ұтыс алуды көздейтін мекеме.

Қазақстан Республикасының аймағында электрондық казино мен интернет-казино қызметіне тыйым салынған.

Сонымен, Экономикалық тергеу қызметі 2015 жылы 6 электрондық казиноны айқындады, оның төртеуі букмекерлік контораның қызметі деп жасырын жұмыс жасады, 2 – лотереялық қызмет түрінде жұмыс жасады.

Айқындалған қылмыстардың бірқатары бойынша сот шешімдері заңды күшіне енді. Мысалға:

2015 жылғы 31 тамызда Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі Теміртау қаласы, Бейбітшілік даңғылы, 282/1 мекенжайы бойынша орналасқан покер клубы ретінде жасырын жұмыс жасаған казиноны айқындап, оның жұмысын тоқтатты. Сотқа дейінгі тексеріп-тергеу барысында жасырын казиноны ұйымдастырушы – Ж.С. Алиаскаров екені анықталды.

Ж.С.Алиаскарв Теміртау қалалық сотымен айыпталып, оған мүлігін тәркілеумен 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза белгіленді.

Осы бағыттағы жұмыс өз жалғасын табуда және ерекше бақылауға алынған, қазіргі уақытта Департаменттің өндірісінде ҚР ҚК 307-бабының 1-бөлігі бойынша осы санаттағы 10 қылмыстық іс бар.

 

Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті