Date of publication: 11.02.2016 18:21
Date of changing: 12.02.2016 13:28

 

1) Заңдастыру азаматтар үшін де, ел үшін де маңызды

2) Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мүлікті заңдастыру жөніндегі акцияны жалғастыруда

 

 

Біздің елімізде мүлік пен капиталды заңдастыру 2014 жылғы 1 қыркүйекте басталды және акция мерзімін ұзартуға байланысты 2016 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

Осы теңдесі жоқ акцияны өткізуге Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналымның маңызды үлесі себеп болды. 2012 жылы көлеңкелі экономиканың көлемі ІЖӨ-ге 19% немесе 6 трлн.теңгені құрады (Дүниежүзілік банктің бағасы бойынша).

Алдыңғы өткен акциялардан ерекшелігі – 2001 жылы ақшаны заңдастыру болды, 2006-2007 жылдары ақшадан басқа жылжымайтын және жылжымалы мүлік заңдастырылды. 

Бұл акцияда ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу,  қазақстандық, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік заңдастыруға жатады.

            2016 жылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары мүлікті заңдастыруға 816 өтініш қабылдады. Одан 510 өтініш кері қайтарылды, 298 өтініш бойынша мүлік заңдастырылды, 8 өтініш жұмыс барысында.   Келтірілген деректерден акцияның оң нәтиже бергенін көруге болады.

Әлі де акция мүшесі болмағандардың осы мүмкіндікті қолдануға және мүліктерін заңдастыруға уақыттары бар. Және де ақшаны заңдастыру рәсімі барынша оңайлатылды. Енді ақшаны екі әдіспен заңдастыруға болады.  

Біріншісі: оларды банк шоттары арқылы көрсету және өзінің кез келген мұқтаждықтары үшін пайдалану, мысалы: бизнеске салу, жылжымайтын мүлік алу ж.т.б., не болмаса бәрін шешіп алу. Және де мұның бәрі 10% алымды төлеусіз жүргізіледі.

Екінші әдіс: шетелдегі немесе қолма қол айналымдағы ақшаны мәлімдеу арқылы, оларды банк шоттарында көрсетпестен заңдастыру.  Алайда, бюджетке 10% алым төленеді.

Бірінші және екінші жағдайда да жария ететін субъект мемлекеттік кірістер органдарына тиісті декларацияны береді.

Мүлікті заңдастыру рәсімі де барынша оңайлатылды. Қазақстан аумағындағы басқа тұлғаға және жария ететін субъектіге ресімделген мүлікті заңдастыру үшін енді мемлекеттік кірістер органдарына тиісті декларацияны және ілеспе құжаттарды ғана тапсырса жеткілікті.  Мұның шетелдегі мүлікті заңдастыруға да қатысы бар. Яғни артық звено – мемлекеттік кірістер органдары жанындағы комиссия таратылды.

Жария ететін субъект жергілікті орындардағы әкімдік жанындағы комиссияға Қазақстан аумағындағы және бұрын тиісінше ресімделмеген жылжымайтын мүлікті заңдастыруы үшін ғана жүгінуі қажет.

Мүлікті заңдастыруға байланысты кез келген мәліметтер салық және банктік құпия болып табылады. Сондықтан да заңдастыру туралы мәліметті заңдастыру жөніндегі комиссия қызметкерлерінің, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінің, екінші деңгейдегі банктер қызметкерлерінің және Қазпочта бөлімшелері қызметкерлерінің үшінші тұлғаларға беруге құқықтары жоқ. Осындай ақпаратты тарату үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.  

Сәйкесінше, нақты тұлғалармен, декларациялармен және өзге де мәліметтермен байланысты заңдастыруға қатысты кез келген сұрау салуларға қандай да бір жауап беруден бас тартылуы керек.

Осыдан басқа, жария ететін субъектілер құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың тарапынан болуы мүмкін заңсыз іс-әрекеттерден қорғаныста болады. Сонымен, мүлікті және ақшаны заңдастыру фактісін айғақ ретінде қолдану немесе қылмыстық іс қозғауға тыйым салынады.  Сондай-ақ, заңдастырылған мүлік тәркілене алмайды.

2017 жылы жалпыға бірдей декларациялау жүргізу енгізілгенін есте сақтаңыздар. Дәл қазір осы жеңілдіктерді қолданып, өз мүліктеріңізді заңдастырыңыздар.