
Мемлекеттік кірістер органдарында –
криминалистикалық және арнайы зерттеулер түрлері
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 22 мамыр, 2015 жылғы №320 бұйрығымен ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдарының штаттық саны мен құрылымына өзгерістер енгізілген. Бекітілген құрылымға сәйкес, аумақтық департаменттердің құрамында криминалистикалық бөлімдер құрылды.
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодексінің қабылдануына байланысты маманның тұжырымы айғақтама ретінде танылады, сондай-ақ, құқық қорғау мен арнайы органдардың уәкілетті құрылымдарына тұжырымдама жасау құқығы берілген. Криминалистикалық бөлімдер солардың санатына жатады.
Аталған құрылымдар арнайы білімдерді сотқа дейінгі өндірісте (қылмыстық істерді тергеуде) қолдану үшін құрылған. Бөлімдерге криминалистикалық және арнайы зерттеулерді жүргізу, оқиға орынын қарап, айғақ заттарды тәркілеу, сонымен қатар, өзге де тергеу әрекеттерін іске асыру міндеті жүктелген.
Қарағанды облысы бойынша департаменттің экономикалық тергеулер қызметі криминалистикалық бөлімі зерттеулердің 4 түрін жүргізуге құзырлы:
-криминалистикалық зерттеулер, дәлірек айтқанда, жазу мәнері мен қойылған қолдарды, сондай-ақ, құжаттарды техникалық зерттеу (мөрлер, штамптар, ақша купюралары, қатаң есептегі бланктер, есепке алу-бақылау маркалары және басқа да құжаттар);
-шаруашық операциялары, бухгалтерлік, қаржылық-несиелік, қаржылық-бюджеттік зерделеулерден тұратын экономикалық зерттеулер;
-қалдық, нарықтық және кедендік құндарын, сондай-ақ, контрафактілік өнімдерді анықтайтын тауартану зерттеулері;
-құрылыс нысандарының өндірісі мен жобалау, пайдалану мен жөндеу, сондай-ақ, құрылыстық-техникалық және жобалық-сметалық құжаттарын зерделеуден тұратын құрылыстық зерттеулер.
Аталған зерттеулердің қылмыстық құқық бұзушылықты тергеу үдерісі кезінде дәлелдемелік тұрғыда айтарлықтай маңызы бар. Өйткені, маман тұжырымы қарастырылу үстіндегі іс үшін салмақты маңызы бар кез-келген фактіні айғақтау немесе теріске шығару мақсатында құқықтық негіздеме жасауға ықпал етеді.
Осытектес құрылымның бұрын мемлекеттік кірістер органдарында да, қаржы полициясында да болмағанын ескере отырып, қазіргі таңда аталған бөлімнің штаттық санын қалыптастыру мен техникалық жарақтандыруға қатысты шаралар қолға алынуда.
Соған орай, экономикалық және құрылыстық зерттеулер бағыты бойынша бос лауазымдарға орналасуға конкурс жарияланды. Оған тиісті білімі бар, біліктілік талаптарына сай келетін әр үміткер қатыса алады. Қажетті әрі қымбат бағалы қондырғылар сатылып алынуда.
Криминалистикалық зерттеулер саласы бойынша бөлімде бар мамандар бүгінгі күні оқиға орынын қарау, күдіктіні ұстау, тінту, айғақтарды алу және сол сияқты өзге де криминалистикалық әрекеттерге қатысып, сонымен қатар, жедел тергеу құрамына белгілі бір қылмыстарды ашу бойынша әдістемелік көмек көрсетуде. Бөлім басшысы болып, қаржы полициясы органдарының жедел тергеу құрылымдарында ауқымды жұмыс тәжірибесін жинақтаған Ізбасар Мағауияұлы Жұмажанов тағайындалды.
Сот-сараптамалық қызметі мен криминалистикалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастық және өзара әрекеттесу аясында биылғы жылдың 27 қазаны күні Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі сот-сараптамалық орталығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Аталған меморандумның негізгі өзегі тараптардың сот-сараптамалық қызметті ғылыми-әдістемелік және оқыту тұрғысында қамтамасыз ету, ақпараттық, құқықтық және ұйымдастыру ресурстарын, сондай-ақ, сот сараптамасын жүргізу мен криминалистикалық және арнайы зерттеулер әдістемесін пайдалану болып табылады. Бұдан тысқары, қол жеткізілген келісім (ынтымақтастық) аясында сот сараптамалық орталығы мемлекеттік кірістер органдарының экономикалық тергеулер қызметі криминалистикалық құрылымдарының мамандарын оқыту, дайындау, қайыра дайындау және біліктілігін арттыруға қол ұшын беруді көздеп отыр. Бұл жайт біз үшін аса маңызды, себебі, аталған бөлімдер қызметкерлерінің біліктілігі жоғары болып, қойылатын талаптарға жауап бере алуы тиіс.
Зерттеулердің түрлі саласында өз мамандарымыздың болуы экономикалық іс-қимылдар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтап, ашуға дәнекерлік етіп қана қоймай, бюджет қаражатының үнемделуіне жағымды әсер ететінін атап өткім келеді. Себебі, түрлі аудиторлық тексерістер мен сараптамалық зерттеулерге ақылы негізде басқа мамандарды тарту айтарлықтай қаржы шығындауды қажетсінеді. Сондықтан да, экономикалық тергеулер қызметі үшін криминалистикалық құрылымдардың құрылуы Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының дамуындағы сенімді қажеттілік болып табылады деп есептеймін.
Ержан ТОЛЫСБАЕВ,
Қарағанды облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаменті
басшысының орынбасары.