
Мемлекеттік қызмет көрсету
сапа – басты назарда
Биылғы жылдың мамыр айында Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Институционалдық бес реформаны жүзеге асыруды көздеген құжат қоғамда кең қолдау тапты.
Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті де Ұлт жоспарын жүзеге асыруда белсенділік танытып отыр.
41-қадам. МҮЛІКТІ ЖӘНЕ ҚАРЖЫНЫ ЗАҢДАСТЫРУ РЕСІМДЕРІН ОҢАЙЛАТУ. Қолданыстағы заңға өзгертулер және толықтырулар енгізу.
2014 жылдың 1 қыркүйегі күні елімізде мүлік пен қаражатты заңдастыру рәсімі басталды. Іс-шараның өткізілуіне Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналым үлесінің басым болуы себеп болды. 2012 жылы көлеңкелі экономиканың көлемі ІӨК-нің 19%-ын немесе 6 трлн. теңгені құраған (Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша).
Бұған қоса, 2001 жылы – қаражатты заңдастыру жүргізілсе, 2006 және 2007 жылдары қаражатпен қоса, жылжымалы және жылжымайтын мүлік те заңдастырылған болатын.
Мүлікті және қаражатты заңдастыру – кірістерді жария етудің жалпыға ортақ кең көлемді акциясы қарсаңындағы маңызды қадамдардың бірі.
Белгілі болғандай, заңдастыруға қазақстандық және шетелдік үлгідегі қаражат, құнды қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес және жылжымайтын мүлік жатқызылады.
Мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде орналасқан мүліктерді заңдастыруды жүргізеді.
Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің krg.krg.gov.kz сайтының «Ақпарат» бөлімінде «Заңдастыру» айдары ашылған. Онда Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті аймақтық органдарының заңдастыруды жүргізу бойынша жауапты тұлғалары туралы ақпарат және мекенжайлары мен телефондары жазылған. Аймақтық басқармалардаа мүлікті заңдастыру туралы өтініштерді қарайтын арнайы комиссиялар құрылды. Біздің әріптестер әкімдіктер жанындағы комиссиялардың жұмыстарына қатысады.
2015 жылғы 21 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қарағанды облысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға жалпы құны 8 151 726 мың теңге болатын мүлікті заңдастыруды сұраған 646 өтініш келіп түсті. Соның ішінде, жалпы құны 5 868 360 мың теңге болатын 432 өтініш кері қайтарылды. Қазіргі күні комиссия 2 301 844 мың теңгенің мүлігін заңдастырған 190 өтінішті заңды деп шешті.
42-қадам. 2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер үшін, одан әрі барлық азаматтар үшін КІРІСТІ ЖӘНЕ ШЫҒЫСТЫ ЖАЛПЫ ЖАРИЯЛАУДЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ЕНГІЗУ.
Заңсыз табыс көзін анықтау мен салық салымынан жалтарудың жолын қию мақсатында, «Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жария ету мәселелері бойынша кейбір заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасында (келесіде – Заң жобасы) барлық жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелерін бір реттік тіркеу және кірістерді жыл сайынғы жария ету мәселесі қолға алынған.
Табысты жария ету жүйесіне ену мақсатында, салық төлеушілердің жекелей санаттарына орай, табысты жария етудің әрбір түріне сатылай көшу шарттары белгіленді.
Осылайша, 2017 жылғы алғашқы сатыда мемлекеттік мекемелер қызметшілерінің (қазіргі заңнама бойынша мағлұмдама жасауға міндетті тұлғалар), ұлттық компаниялардың, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметшілерінің активтер мен міндеттемелер туралы мағлұмдамасы ұсынылады деп көзделген.
Келесі, 2018 жылғы кезеңде Қазақстан Республикасының өзге де азаматтары мен бірінші кезеңде мағлұмда жасауға міндеттелмеген, Қазақстан аумағында тұратын тұлғалардың барлығы активтер мен міндеттемелер туралы мағлұмдама жасайтын болады.
Жеке тұлғалардың мағлұмдаманы электронды нұсқада тапсыруын ынталандыру үшін мағлұмдаманы тапсырудың екі мерзімі жоспарланған. Қағаз түрінде – мағлұмдаманы тапсыру міндеті жүктелген жылдың келесі жылындағы 15 шілдеден кешіктірмей, электрондық нұсқада – мағлұмдаманы тапсыру міндеті жүктелген жылдың келесі жылындағы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қарастырылған.
Заң жобасының қабылдануы құқықтық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан келесідей нәтижеге алып келуі тиіс: көлеңкелі экономикамен күрес пен жемқорлықтың алдын алу іс-қимылын күшейту үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін бақылаудың тиімді жүйесін құру; салық салымы мақсатында, жеке тұлғалардың кірістерін нақты бақылауды қамтамасыз ету; салықты төлеуден жалтарған тұлғаларды анықтау; салық жинауды және бюджетке өзге де төлемдерді қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін арттыру; жеке тұлғалардың салық саласындағы сауаттылығын арттыру.
43-қадам. САЛЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯЛАРЫН ҚАБЫЛДАУ ЖӘНЕ ӨҢДЕУДІҢ ОРТАЛЫҚ ЖЕЛІСІН ҚҰРУ. Орталық салық төлеушілердің электронды құжаттарының бірыңғай мұрағатына кіру мүмкіндігіне ие болады. ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУ жүйесін енгізу. Декларанттар салықты бақылау бойынша шешім қабылдау үшін тәуекел санаттарына бөлінетін болады. Жариялауды бірінші рет тапсырған жеке тұлғалар үш жыл мерзімде қайта тексерістен өтпейтін болады.
Мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған міндеттердің қатарында бюджетті толықтырумен қатар, салық төлеушілерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру да бар.
Қарағанды облысында құрамында 136 маманы бар 19 Өтініштерді қабылдау орталығы (ӨҚО) жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі «Мемлекеттік қызметтердің тізімін бекіту туралы» №983 Қаулысымен, ҚР ҚМ МКК тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны 52 болып бекітілді. Оның ішінде, салықтық қызметтер – 32, кедендік қызметтер – 20.
2015 жылдың 8 айында Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан тұлғаларға 926391 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде, 910961 қызмет – қабылдау, өңдеу және құжаттарды беру орталықтарының, 15430 қызмет кедендік бекеттер мен КЖО-лардың еншісінде. Сондай-ақ, 759024 қызмет немесе 81,9 %-ы – электрондық нұсқада, 167335 қызмет немесе 18,1%-ы қағаз жүзінде ұсынылған. Ал, 32 қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) балама негізде ұсынылды.
Өткен жылдың осы мерзіміндегі жағдаймен салыстырғанда, көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 103 410 қызметке артты. Соның ішінде электрондық нұсқада – 175541 қызметке артып, ХҚКО арқылы қызмет көрсету 31 қызметке, қағаз нұсқасында қызмет көрсету 72100 қызметке азайды.
Тұтынушыларға мемлекеттік қызмет көрсетудің реті туралы ақпараттарды кеңінен түсіндіру мақсатында, 2015 жылдың 8 айында мемлекеттік кірістер департаменттерінің аумақтық органдары 369 іс-шара өткізді.
Алданыш АДАМБЕКОВ,
Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы.