Date of publication: 17.07.2015 12:48
Date of changing: 17.07.2015 13:11

Астана күні аясындағы іс-шараларды ұйымдастыруда Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті белсенділік танытты. «Шахтер» стадионының «Жастар» спорт кешенінде аталған органның аумақтық басқармалары ұжымдарының арасында шағын футболдан өткізілген сайыс – соның айғағы.

Турнирдің ашылу рәсімінде Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Азамат Ахметов сөз сөйледі. Ол Астана күні мейрамының қоғамдық-саяси маңызына назар аудара келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Футбол додасына Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық басқармалары қатысқанын айрықша атап өткен жөн. Алғашқы іріктеу кезеңінен кейін топтық кездесулерде мерейі үстем түскен командалар ақтық ойынның жеңімпазын анықтау үшін тартысқа түсті.

Барлық кездесулер, әрине, бәсекелі текетірес жағдайында өтті. Нәтижесінде І орын үшін департаменттің экономикалық тергеулер қызметі мен кедендік тіректердің командалары өзара  ептілік пен шеберліктерін сынға салды. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған ойын қорытындысында экономикалық тергеулер қызметінің командасы жеңіс тұғырына көтеріліп, кеденшілер ІІ орынға табан түреді. Ал, жүлделі ІІІ орынды Жезқазған, Сәтбаев және Жаңаарқа ауданы мемлекеттік кірістер басқармаларының қызметкерлерінен құралған «Батыс» командасы еншіледі.

 

Сөз реті келгенде, аталған турнирде ойын алаңына департамент басшылары да шыққанын атап өту, ләзім.

Жеңімпаз команда арнайы кубок иегері атанса, жүлдегерлерге медальдар, грамоталар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Турнир барысында ешкім де ұтылған жоқ. Ең бастысы, олар өз әріптестерімен қызметтен тысқары жағдайда жүздесіп, өз денсаулықтары үшін үшін пайдалы іспен шұғылдануға қолайлы мүмкіндік алды.

 

Қарағанды облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.