
Турнир
Екінші орын жүлдесін еншіледі
Жуырда құқық қорғау органдары арасында шағын футболдан полиция генерал-майоры Нұрлан Рахымберлинді еске түсіруге арналған дәстүрлі турнир үшінші мәрте өткізілді.
Сындарлы бәсекеде Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұтымды ойын өрнегін көрсете білді. Алғашқы кездесуде олар Қарағанды қаласы ішкі істер департаментінің командасын 5:0 есебімен жеңсе, екінші ойында «КВШ-Динамо» командасын 9:1 есебімен ұтып, айқын басымдылық танытты.
Одан кейінгі кезекті кездесуде төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің футболшыларын 5:2 есебімен қапы қалдырған мемлекеттік кірістер департаментінің саңлақтары аса тартысты ойын жағдайында өткен ақтық сында облыстық ішкі істер департаментінің командасына ғана есе жіберді.
Турнир қорытындысында, мемлекеттік кірістер департаментінің шағын футбол командасы жүлделі екінші орынға табан тіреді. Футболшыларға құрмет кубогі, күміс медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Біз, өз кезегімізде, оларға қызмет бабында және спорт алаңдарында толайым табыстар мен тың жетістіктер тілейміз.
Қарағанды облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.