Абай бол, жалған ақша!
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметінің қызметкерлері Ұлттық банкпен бірлесіп, «Абай бол, жалған ақша!» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысын өткізді. Отырысқа екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.
Жасырын түрде ақша белгілерін өндіру мен айналымға енгізу несие-қаражат жүйесінің қалыпты қызметіне кері әсерін тигізеді, тиісінше, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді.
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметі қызметкерлерінің мәлімдеуінше, қолға алынған шараларға қарамастан, аталған санаттағы қылмыстардың өсуі, сондай-ақ, айналымға түскен жалған ақша белгілерінің саны арта түскені байқалады.
Жыл басынан бері, ҚР ҚК «Жасанды ақшалар мен құнды қағаздарды жасап шығару, сақтау, қозғалысқа түсіру және өткізу», яғни, 231 бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеулердің Бірыңғай тіркеліміне 31 сотқа дейінгі өндірістік іс тіркелген.
Жалпы алғанда, биылғы жылы заңсыз айналымнан 36 ақша бірліктері шығарылып алынған. Номиналдық өлшемі бойынша, олардың 3-і – 10000 теңге, 2-і – 5000 теңге, 23-і – 2000 теңге, 1-і – 1000 теңге, 4-і – 500 теңге және 3-і – 100 АҚШ доллары. Басым жағдайда номиналы 2000 теңгелік қолдан жасалған жалған ақша қаражаты кездесетінін атап өткен жөн.
Отырыс барысында Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметінің мамандары екінші деңгейлі банктердің өкілдеріне ақша белгілерінің шынайылығын мұқият тексеру және қолма-қол ақшаның шынайылығын тексеру үшін қазіргі заманғы қондырғыларды қолдану жөнінде ұсыныстар берді.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар жасанды ақша белгілерінің айналымына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, жалған ақша жасаушылармен күш біріктіре отырып күресу туралы ортақ мәмілеге келді.
Қарағанды облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.