
Жеңімпаз анықталды
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Түбіртекті талап етіп – жүлдені ұтып алыңыз!» акциясының мамыр айының қорытындысын шығарды.
Бақылау-касса машиналарының түбіртегі акцияға 2015 жылғы 1 сәуір мен 30 қараша аралығында кез-келген айда бір-ақ рет қатысуға құқылы. Акция үш кезең бойынша өткізіледі: алғашқы кезең аудандық деңгейде, яғни қала аудандарында, сонымен қатар аудандар бойынша бөлінбеген қалаларда; екінші кезең облыс деңгейінде, республикалық маңызы бар қалаларда; үшінші кезең республикалық деңгейде.
Мамыр айындағы ұтыс жеңімпазы аудандық кезеңде жеңімпаз атанған азаматтардың есімдері жазылып, 19 купон салынған лотереялық барабанды іске қосу арқылы анықталды. Оны Осакаров ауданының тұрғыны Гауһар Мырзахметова жеңіп алды. Жүлдегерге сыйлық ретінде планшет берілді.
Бағалы сыйлықтар ұтысы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде желтоқсан айына дейін ай сайын өткізілетін болады. Ұтысқа қатысу үшін түбіртектерді ұтыс купондарына айырбастау қажет. Қарағанды қаласында айырбастау орындары Бұқар жырау даңғылы, 50А мекенжайындағы «Абзал» СҮ және Космонавтар көшесі, 1 мекенжайындағы «Таир» СҮ орналасқан. Сонымен қатар, бір ұтыс купоны бақылау-касса машиналарының 10 түбіртегіне айырбастауға болады.
Қарағанды облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
баспасөз қызметі.