
Жаңа жүйе тиімді болмақ
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап бірқатар сауда нүктелерінде жаңа үлгідегі бақылау-кассалық аппараттарды қолдану жүйесі енгізіледі. Бұл жаңашылдық, нақты айтқанда, жанар-жағармай, алкогольді өнімдер сататын орындарға қатысты болмақ.
Кеше Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мен облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарда аталған тақырып терең талданды. Департамент басшысының орынбасары Қайрат Орқашбаев жүргізген жиында соны тәсілдің тиімділігі айтылды.
ҚР Салық кодексінің 645-бабы, 1-тармағына сәйкес, 1 шілдеден бастап көрсетілген тауарларды көтерме және бөлшек саудаға шығаратын салық төлеушілер өздерінің кәсіпкерлік нысандарында баға деректерін тіркеу және мәліметтерді келесі орындарға жолдау функциясы бар бақылау-кассалық аппараттары орнатуы тиіс. Жүйенің жұмысы – қарапайым. Тауар үшін төленуі тиіс ақша сомасы аппаратқа енгізіледі. Сол арқылы мәлімет онлайн режимде фискальді деректер операторының орталық серверіне жөнелтіледі. Мұнда дерек тіркеліп, бақылау түбіртегіне жеке номер беріледі. ҚР Үкіметінің қаулысымен фискальді деректер операторы ретінде «Қазақтелеком» АҚ бекітілген.
Бұл жоба кейінгі он жыл ішінде әлемнің бірнеше елінде қолдау тауып, кеңінен енгізілуде. Нидерланды, Швеция сынды мемлекеттерде толықтай жүзеге асты. Дамыған отыз елдің бел ортасына енуді межеге алған елімізде бұл үрдіс жақын арада жемісін береді деп күтілуде.
Бүгінгі таңда техникалық қызмет көрсету орталықтары өкілдері, бақылау-кассалық аппараттары дистрибьютерлері және «Қазақтелеком» АҚ мамандарының қатысуымен аппараттардың техникалық ерекшеліктері ескеріле отырып, техникалық талаптар мен үлгілер жобасы жасалды. Мұнда деректерді қабылдау және жолдау, оларды сақтау, сонымен қатар, мемлекеттік кірістер департаментіне бағыттау сызбасы қарастырылған