САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА!!!
Мүлікті заңдастыру бойынша өзгерістер.
«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына 13.11.2015 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бұл Заң бойынша ақша қаражаттарын заңдастырудың ең ыңғайлатылған жолдары қарастырылған.
Заңның 8 бабында көрсетілгендей ақша қаражаттарын банктегі өзінің есеп шоттарына салып, осы қаражаттарды өз қажеттеріне толық пайдалануға болады, мысалы жылжымайтын мүліктер сатып алуға, бизнеске салуға, немесе толықтай алуға болады. Бұл жағдайда бюджетке төленетін 10 пайыздық төлем төленбейді.
Екінші жағдайда шетелдегі ақша қаражаттарын өтініш беру арқылы да заңдастыруға болады, бұл жағдайда бюджетке 10 пайыздық төлем төленеді.
Бұл екі жағдайда да заңдастырушы субъект мемлекеттік кіріс органдарына тиісті декларация тапсырады.
Мүлікті заңдастыру бойынша тиімді жолдары қарастырылған. Шет елде, сонымен қатар Қазақстан Республика көлемінде мүлікті заңдастыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына тиісті құжаттарды көрсетіп, декларация тапсырғаны жеткілікті.
Заңдастырушы субъекті Қазақстан Республикасы көлемінде бұған дейін заңдастырылмаған жылжымайтын мүліктерді аудандық әкімшіліктегі комиссияға арыз беру арқылы мүлікті жария етеді.
Мемлекетіміздің Елбасы айтқандай «Жария ету-бұл соңғы мүмкіндік, әрі қарай ешқандай мүмкіндік болмайды. Жария ету бұл жалпыға бірдей декларациялаудың алдындағы соңғы мүмкіндік» .Бұл акция аяқталған соң әлемдегі барлық мәлімет көздері тексерілетін болады.Сондықтан мемлекеттен тыс жерлерде орналасқан мүлікті жария ету қажеттігін назарларыңызға саламыз.
Қазіргі уақытта шет елдердегі және Республика көлемінде банк шоттарын сонымен қатар шет елдердегі мүліктерін жасырғаны үшін қатаң әкімшілік шара қолданылады.
Мүлікті жария ету мерзімі бұрын 01.09.2014 жылдан 31.12.2015 жылға дейін болса, қазіргі уақытта бұл мерзім 31.12.2016 жылға дейін ұзартылды. Яғни, құжаттар 30.11.2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылданады. Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылдан бастап Республикамызда жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау басталады. Декларация тапсыру міндеті барлық азаматтарға, оның ішінде зейнеткерлерге және мүлкі тіркелген немесе банкілерде есеп шоты ашылып, қаржысы бар кәмелетке толмаған азаматтарға да қатысты болады.
Осыған байланысты, мүлікті жария ету акциясы бұл жалпыға бірдей декларациялауға дайындық болып есептеліп, барлық тұлғаларды заңды экономикалық айналымнан шығарылған мүлігімен, капиталдың қалай пайда болғанын дәлелдеу процедурасынан босатады.
Республиканың аумағынан тыс жерде орналасқан мүлікті жария ету, яғни мүлікті, басқа кісінің атына жазылған мүліктер, құнды қағаздар, қатысу үлестері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына арнайы декларация тапсыру жолдары арқылы өткізіледі. Мүлікті жария еткені үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша жеке тұлға бюджетке 10 пайыз құрайтын төлем төлейді.
Мүлікті заңдастырған субъектілердің барлық ақпараттары құпия болып сақталады және салықтық құпия болып есептелінеді және бөгде адамдарға жарияланбайды, құпиялылығы сақталады. Бұдан басқада мүлікті заңдастырған субъектілер құқық қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан қудалаудан толықтай қорғалады. Сондай-ақ, жария етілген мүліктер конфискациялауға жатпайды.