
Көшпелі кедендік тексеру
Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның орналасқан жеріне, дара кәсіпкердің қызметін жүзеге асыратын жерге және (немесе) осындай тұлғалардың қызметті іс жүзінде жүзеге асырылатын жерге бару арқылы жүргізеді. Тексерілетін тұлғаның орналасқан жеріндегі кеден органы көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын кеден органы болып табылатынын атап өткен жөн.
Көшпелі кедендік тексеру нұсқаманың негізінде жүргізіледі. Нұсқамаға кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) қол қоюға тиіс. Бір нұсқаманың негізінде тексерілетін тұлғаға бір ғана тексеру жүргізіледі. Нұсқама тексеру басталғанға дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеледі.
Тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру жүргізу туралы нұсқаманың көшірмесін табыс еткен күн көшпелі кедендік тексеру жүргізу басталған күн болып есептеледі.
Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлға өзінің қызметімен байланысты тексерілетін құжаттарға өзгерістер (толықтырулар) енгізуге құқылы емес.
Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша ресімделген, екі данада жасалатын және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын көшпелі кедендік тексеру актісі жасалған күн көшпелі кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.